Паллитативті көмек науқастың дертін жеңілдету үшін көрсетіледі

 

Паллиативті көмек ақысыз көрсетілетін медициналық қызметтің құрамына енеді. Жалпы қатерлі дертке шалдыққан адамдарға үздіксіз медициналық қызмет көрсетіледі. Сондықтан пандемия кезінде де жұмысымызды тоқтатпай қызмет атқардық дейді Алматы аймақтық көпсалалы клиниканың паллиативті көмек көрсету бөлімінің онколог дәрігері Талипов Мұхтар Әмірханұлы. Оның айтуынша, профилактикалық, диагностикалық және емдік медицина қызметінің түрлері бюджет есебінен науқас жандарға тегін көрсетіледі.

«Паллиативті көмек онкологиялық ауруға шалдыққан соның ішінде обырдың 3-ші 4- ші сатысындағы науқастардың дертін жеңілдету мақсатында көрсетіледі. Науқастар жоспарлы түрде паллиативті және симптоматикалық бөлімшеде емдерін алады.

Онкологиялық аурулардың бірінші сатысында 80 пайызға, үшінші сатысында 50-60 пайызға жазылып кетуге мүмкіндік бар. Ал төртінші сатысында обыр абден меңдеп, шырқау шегіне жеткенде келген науқастарға кеселден жазылуға мүмкіндік аз. Сол үшін әрбір жан онкологиялық дерттің алғашқы белгілерін байқаған сәтінде дәрігерге қаралса, орын алатын қасіреттің алдын алар едік.

Паллиативті көмек көрсететін бөлімде жұмыс істеудің өзіндік қиыншылықтары бар. Себебі диагнозын естіген науқас өмірден үмітін үзеді. Сол кезде науқастарға ем жүргізумен қатар оның өмірге деген құштарлығын оятып, рухани дем береміз. 19 төсек-орындық біздің бөлімге химиятерапиялық және хирургиялық ем шараны қабылдауға 4-клиникалық топтағы науқастар келеді. Көп жағдайда денсаулықтары оңалып, химиятерапиялық курстарын жалғастырып жатады.

Біздің клиникадағы дәрігерлер карантин жағдайында барлық санитарлық сақтық шараларды қолданып жұмыс атқарып келеді».

Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау бойынша скринингтік бағдарламалар тегін жүзеге асырылады. Алайда тұрғындар денсаулықтарына немқұрайлық танытып, тегін өтетін скринингтік бағдарламаларға қатыса бермейді дейді дәрігерлер.

Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде 36 мыңға жуық адам онкологиялық ауруларға шалдығады. Бүгінгі таңда диспансерлік есепте 180 мыңға жуық қазақстандық тұр.