Бүгін Қазақ радиосының «Денсаулық» бағдарламасының тікелей эфирінде Алматы аймақтық көпсалалы клиника директорының орынбасары, медицина ғылымының докторы, профессор, онкогинеколог Шалбаева Раш Шаріпбайқызы сұхбат берді.
2019 жылы онкология саласында атқарылған жұмыстарға тоқталған онколог маман ауруды бастапқы сатысында анықтаса, емдеу жеңіл екенін ескертті. Сондықтан ауруды ерте анықтау мақсатында клиникада 2019 жылы 17 рет ашық есік күнін өткізген. Сонымен қатар аталған клиника мамандарынан құрылған арнайы топ 2019 жылы 36 рет қаладан алыс орналасқан аудандарға барып, тұрғындарды тексеруден өткізгенін атап өтті.
Қазақстанда әйелдер арасында сүт безі обыры бірінші орынды тұр. Ал екінші орында - өкпе обыры, үшінші орында тері обыры, төртінші орында асқазан обыры, тоқ ішек және жатыр мойны обыры тиісінше 5-6 орында қалды.
Сонымен қатар клиника онкологтары 25 қаңтар күні сағат 9:00 мен 14:00 аралығында жатыр мойны ісігі ауруының алдын алу мақсатында ашық есік күні өтетінін тыңдармандардың есіне салды.